Қазақстан Республикасы
Президентінің
2007 жылғы 05 шілдедегі _
№ 364 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан
Республикасы Қарулы Күштерінің,
басқа да әскерлері
мен әскери құралымдарының
ТӘРТІПТІК ЖАРҒЫСЫ
Осы Жарғы
әскери тәртіптің түсінігі мен мәнін, әскери
қызметшілердің оны сақтау жөніндегі міндеттерін,
көтермелеу, тәртіптік теріс қылықтар мен
тәртіптік жазалар түрлерін, командирлердің
(бастықтардың) оларды қолдану жөніндегі
құқықтарын, қызметтік тексеру жүргізу,
тәртіптік комиссиялардың жұмыс тәртібін, әскери
қызметшілерді әскери тәртіпті бұзғаны үшін
жауапкершілікке тарту тәртібін, ұсыныстар, арыздар мен
шағымдар беру және оларды қарау тәртібін
айқындайды.
Жарғының
күші Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің,
басқа да әскерлері мен әскери
құралымдарының (бұдан әрі – Қарулы
Күштер) әскери қызметшілеріне, сондай-ақ әскери
жиындар өткізілген кезеңде оларға шақырылған
әскери міндеттілерге қолданылады.
Әскери
қызметшілер өздерінің әскери атақтарына,
қызметтік жағдайына және сіңірген еңбегіне
қарамастан, осы Жарғының талаптарын қатаң
басшылыққа алуы тиіс.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Әскери
тәртіп дегеніміз – әскери қызметшілердің
заңдармен, жалпыәскери жарғылармен, басқа да
нормативтік құқықтық актілермен және
командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарымен
белгіленген ережелерді қатаң және нақты сақтауы.
2. Әскери
тәртіп әскерлердің жауынгерлік әзірлігін
қамтамасыз ететін басты шарттардың бірі болып табылады.
Әскери
тәртіп әрбір әскери қызметшінің өз
әскери борышын және өз Отаны – Қазақстан
Республикасын қорғауға деген жеке жауапкершілігін сезінуіне,
өз халқына шексіз адалдығына негізделеді.
3. Командирлер
(бастықтар) заңнаманың, жалпыәскери
жарғылардың, жоғары тұрған әскери
басқару органдарының командирлері (бастықтары)
бұйрықтарының талаптарын қатаң
басшылыққа ала отырып, әскери бөлімдерде, кемелерде
және бөлімшелерде әскери тәртіпті күнделікті
ұстауға міндетті.
4.
Әскери тәртіп әрбір әскери қызметшіні:
1)
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын
қатаң сақтауға;
2) әскери
анттың, жалпыәскери жарғылардың, командирлер
(бастықтар) бұйрықтарының талаптарын нақты
орындауға;
3) әскери
қызметтің қиындықтарынан табандылықпен
өтуге;
4)
қырағы болуға, мемлекеттік құпияларды
қатаң сақтауға;
5) командирлерге
(бастықтарға) және бір-біріне құрмет
көрсетуге, әскери сәлемдесу мен әскери
сыпайылылық ережелерін сақтауға;
6) әділ
болуға, әскери істі адал зерделеуге және сеніп
тапсырылған қару-жарақты, әскери және басқа
техниканы, әскери мүлікті сақтауға;
7) өзін
абыроймен ұстауға, өзі лайықсыз қылық
жасамауға және басқалардың оны жасауына жол бермеуге,
азаматтардың ар-намысы мен
қадір-қасиетін қорғауға жәрдемдесуге
міндеттейді.
5. Әскери
тәртіпке:
1) әскери
қызметшілерді патриоттық, әскери, адамгершілік және
рухани тәрбиелеумен, оларда жоғары
моральдық-психологиялық және жауынгерлік қасиеттерді
және командирлерге (бастықтарға) саналы бағынуды
қалыптастырумен;
2) әрбір
әскери қызметшінің өз міндеттерін және
заңнама мен жалпыәскери жарғылардың талаптарын
орындауға жеке жауапкершілігімен;
3) әскери
бөлімде (бөлімшеде) жарғылық тәртіпті
ұстаумен, әскери қызметшілердің күн
тәртібін және қызмет уақытының регламентін
қатаң сақтауымен;
4) жауынгерлік
даярлықты нақты ұйымдастырумен және онымен жеке
құрамды толық қамтуымен;
5)
командирлердің (бастықтардың) жеке үлгі
көрсетуімен және бағынысындағыларға әскери
қызмет міндеттерін олардың тиісті орындауы үшін
күнделікті талап қоюымен, олардың орындаушылығын
ұдайы бақылаумен, әскери қызметшілердің
құқықтары мен жеке қасиеттерін
құрметтеумен, оларға үнемі қамқорлық
жасаумен, көтермелеу, сендіру, мәжбүрлеу және
ұжымның қоғамдық ықпал ету шараларын шебер үйлестірумен
және дұрыс қолданумен;
6) әскери
бөлімде (бөлімшеде) әскери қызмет өткеру
қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайлар, қажетті
материалдық-тұрмыстық және өзге де
жағдайлар жасаумен қол жеткізіледі.
6. Тәртіптік
жауапкершілік – әскери қызметшілердің, олар әскери
қызмет міндеттерін атқару кезінде тәртіптік теріс
қылық жасағаны үшін жауапты болатын жауапкершілік
түрі.
7. Әскери
қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан
әрі – теріс қылық) – әскери қызметшілердің
оларға жүктелген міндеттерді құқыққа қарсы,
кінәлі орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық
өкілеттіктерін асыра пайдалануы, әскери тәртіпті, қызметтік
этика ережелерін бұзуы, тәртіптік түрде жазаланатын сыбайлас
жемқорлық құқық бұзушылықты
жасауы, сондай-ақ заңдармен белгіленген әскери қызмет
өткеруге байланысты шектеулерді сақтамауы.
8. Тәртіптік
жаза (бұдан әрі – жаза) – әскери қызметшілер жасаған
теріс қылықтар үшін осы Жарғыға сәйкес
осындай құқығы бар командирдің
(бастықтың) билігімен оларға қолданылатын
тәртіптік жауапкершілік шарасы.
9. Тәртіптік
комиссия – қызметтік тексеру материалдарын қарау және
әскери қызметшінің тәртіптік теріс қылығына
қатысты фактілерді зерттеу үшін, оны жасаудың мән-жайын
жан-жақты, толық және объективті белгілеу мақсатында әскери бөлімде,
мемлекеттік мекемеде (бұдан әрі – әскери бөлім)
құрылатын тұрақты әрекеттегі алқалық
консультативтік-кеңестік орган.
10. Көтермелеу
– әскери қызметшіні тәрбиелеудің және
әскери тәртіпті нығайтудың маңызды
құралы болып табылатын оның қызметтік іс-қимылын
оң бағалау.
11. Қызметтік
карточка – әскери қызметшінің көтермелеулері мен
жазалары туралы мәліметтерді көздейтін белгіленген нысандағы
қатаң есептілік құжаты (1-қосымша).
Қызметтік
карточка әскери бөлімнің штабында тіркеледі және
әскери қызметшіні
ауыстырған кезде жеке ісімен бірге жаңа қызмет орнына
жіберіледі.
12. Қызметтік
тексеру – оқиғаның, теріс қылық жасаудың
мән-жайын немесе өтініште көрсетілген фактілерді
жан-жақты, толық және объективті зерттеу.
13. Әскери
қызметшілерді тәртіптілікке тәрбиелеудің негізгі
әдісі сендіру әдісі болып табылады.
14. Әскери
бөлімдегі (бөлімшедегі) әскери тәртіптің
жай-күйіне командир (бастық), оның орынбасарлары және
жалпыәскери жарғыларға сәйкес міндеттер мен
тәртіптік құқықтар берілген басқа да
лауазымды адамдар жауап береді. Олар бағынысындағылардан оның
сақталуын талап етуге, лайықтыларды көтермелеуге,
бұзушыларды қатаң, бірақ адал жазалауға міндетті.
Жарғылық
тәртіпті және заңнама, жалпыәскери жарғылар,
командирлер (бастықтар) бұйрықтарының талаптарын
сақтауға қажетті жағдайлармен қамтамасыз етпеген,
әскери тәртіпті бұзудың және
қылмыстардың алдын алу бойынша шаралар қабылдамаған,
оларды жасыруға жол берген командир (бастық) ол үшін осы
Жарғыда және заңнамада белгіленген жауаптылықта болады.
15. Әскери
бөлімде (бөлімшеде) әскери тәртіпті ұстау
мақсатында командир
(бастық):
1)
бағынысындағылардың жеке қасиеттерін зерделеуге,
олардың арасында достықты нығайтуға, әскери
қызметшілер арасындағы жалпыәскери жарғыларда
айқындалған өзара қарым-қатынас ережелерін
қолдауға, әскери ұжымды шоғырландыруға;
2) жеке
құрамның моральдық-психологиялық
қасиеттерін білуге, бағынысындағы командирлердің (бастықтардың)
талаптарды, әскери тәртіпті нығайту міндеттері мен
тәсілдерін бірыңғай түсінуіне қол жеткізуге, жеке
құрамның жоғары моральдық-психологиялық
жай-күйін қамтамасыз ету жөніндегі олардың
қызметіне басшылық жасауға, бағынысындағыларды
тәртіптік практиканы дұрыс қолдануға үйретуге;
3)
құқықтық насихатты ұйымдастыруға
және құқық бұзушылықтардың
алдын алу бойынша жұмыс жүргізуге;
4) әскери
қызмет өткеру ережелерінің анықталған
бұзушылықтарын дереу жоюға шаралар қабылдауға;
5)
бағынысындағы, соның ішінде қызметтен тыс уақытта
және демалыстарда болатын әскери қызметшілердің
әскери тәртіпті сақтауын қамтамасыз ететін барлық
шараларды қабылдауға;
6)
бағынысындағыларды заңнама, әскери ант,
жалпыәскери жарғылар, командирлердің
(бастықтардың) бұйрықтары талаптарын мүлтіксіз
орындау рухында тәрбиелеуге, оларда ар-намыс сезімін, әскери
борышын үлгілі орындауға талпынысты дамытуға және
қолдауға;
7) әскери
бөлімде (бөлімшеде) әскери тәртіпті, әсіресе
әскери қызметшілер арасындағы жарғылық
өзара қарым-қатынас ережелерін бұзушыларға
және әлеуметтік әділетсіздік фактілеріне төзбеушілікпен
қарауды қалыптастыруға;
8)
бағынысындағыларды, олардың жеке басын және ар-намысын
құрметтеуге, бағынысындағыларға дөрекілік
көрсетуге және оларды
кемсітуге жол бермеуге, олар үшін заңнаманы,
жалпыәскери жарғылар мен бұйрықтарды қатаң
сақтаудың тұрақты үлгісі болуға;
9)
бағынысындағылардың әлеуметтік және
құқықтық қорғалуы туралы
қамқорлық жасауға, олардың мұқтаждары
мен сұраныстарын білуге, олардың қанағаттандырылуына
қол жеткізуге;
10) жоғары
тұрған командирге (бастыққа) әскери
тәртіптің жай-күйі және жеке құрамның
моральдық-психологиялық жай-күйі туралы уақтылы
және объективті баяндауға;
11)
құқық қорғау органдарына әскери
бөлімде (бөлімшеде) жасалған қылмыстар мен
оқиғалар туралы дереу ақпарат беруге міндетті.
16.
Командирдің (бастықтың) әскери тәртіпті
нығайту мен ұстау жөніндегі іс-қимылын
бағалаудың негізгі өлшемдері:
1) бөлімдегі
(бөлімшедегі) әскери тәртіптің жай-күйі, теріс
қылықтардың, оқиғалар мен
қылмыстардың саны мен сипаты, жеке құрамның
моральдық-психологиялық жай-күйі;
2)
командирлердің, олардың орынбасарларының, офицерлер мен
сержанттардың (старшиналардың) жеке үлгі көрсетуі,
олардың заңнама нормаларын, жалпыәскери
жарғылардың талаптарын сақтауы;
3) белсенді
құқықтық насихат ұйымдастыру мен
жүргізу, бөлімнің басшылық құрамының,
бөлімше командирлерінің тәрбие жұмыстарын
жүргізуіне қатысу, жұмыстың озық
тәжірибесін жүргізу және енгізу;
4) заңнама
нормаларын, жалпыәскери жарғылардың талаптарын
сақтау;
5)
құқық бұзушылықтардың алдын алу
жөніндегі жұмыстың жай-күйі;
6) жауынгерлік
әзірліктің және қызметтік-жауынгерлік
іс-қимылдың жай-күйі, жауынгерлік даярлық процесін
ұйымдастыру, жауынгерлік және
мемлекеттік-құқықтық даярлық жоспарларын
орындау сапасы.
17. Әскери
қызметшілердің әскери бөлімнің орналасқан
жерінен тысқары қызметтен тыс уақытта жасаған
және қызметтік іс-қимылымен немесе әскери
қызметтің мүдделерімен байланысты емес қылмыстары мен
теріс қылықтары үшін командир (бастық) тәртіптік
жауаптылықта болмайды.
18. Әрбір
әскери қызметші командирге (бастыққа) әскери
бөлімде (бөлімшеде) тәртіп орнатуға және
әскери тәртіпті ұстауға жәрдемдесуге міндетті.
Командирге (бастыққа) жәрдемдесуден бас тартқаны
үшін әскери қызметші жауаптылықта болады.
19.
Командирдің (бастықтың) бұйрық беру
құқығы және бағынысындағының
командирге (бастыққа) мүлтіксіз бағыну міндеті дара
басшылықтың негізгі принциптері болып табылады.
Әскери
қызметші ашық түрде бағынбаған немесе
қарсылық көрсеткен, ол теріс қылық жасаған
жағдайларда, сондай-ақ әскери қызметшіні дереу
уақытша оқшаулауды талап ететін жағдайлар кезінде командир
(бастық) реттілік пен тәртіпті қалпына келтіру үшін оны
ұстауға және уақытша ұсталғандар
үй-жайына кіргізуге және жауапкершілікке тартуға дейін
заңнамамен көзделген барлық мәжбүрлеу шараларын
қолдануға міндетті. Бұл ретте қару тек жауынгерлік
жағдайда ғана, ал бейбіт уақыт жағдайларында –
заңнамаға сәйкес
ерекше жағдайларда қолданылуы мүмкін.
20.
Командирлердің (бастықтардың) тәртіптік
құқықтары атқарып отырған лауазымына немесе
атқарып отырған лауазымы бойынша көзделген әскери
атағына сәйкес айқындалады (2-қосымша).
Әскери
қызметшілерге және әскери міндеттілерге мерзімінен
бұрын әскери атақтар беру, сондай-ақ әскери
қызметшілерді теріс дәлелдер бойынша әскери қызметтен
босату заң негіздері бойынша жүргізіледі және
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде,
басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында
әскери қызмет өткеру ережелеріне (бұдан әрі –
Әскери қызмет өткеру ережелері) сәйкес жүзеге
асырылады.
21. Осы
Жарғыда лауазымдары көрсетілмеген командирлер (бастықтар)
оларға бағынысты әскери қызметшілерге қатысты
атқарып отырған лауазымы бойынша көзделген әскери
атағына сәйкес тәртіптік құқықтарды:
1) кіші сержант,
сержант, екінші сатылы старшина мен бірінші сатылы старшина – бөлімше
командирінің билігін;
2) аға
сержант және бас старшина – взвод
сержантының, взвод командирі орынбасарының (команда
старшинасының) билігін;
3) үшінші
сыныпты сержант және үшінші сыныпты старшина – рота
сержантының, рота старшинасының (боцманның) билігін;
4)
екінші сыныпты сержант және екінші сыныпты старшина – батальон
сержантының билігін;
5)
бірінші сыныпты сержант және бірінші сыныпты старшина – полк, бригада
сержантының билігін;
6) штаб-сержант
және штаб-старшина – өңірлік қолбасшылық
сержантының билігін;
7) шебер-сержант
және шебер-старшина – Қарулы Күштер түрі
сержантының билігін;
8) лейтенант
және аға лейтенант – взвод командирінің билігін;
9) капитан
және капитан-лейтенант – рота (4-дәрежелі кеме) командирінің
билігін;
10) майор,
подполковник, 3-дәрежелі капитан және 2-дәрежелі капитан –
батальон (3 және 2-дәрежелі кеме) командирінің билігін;
11) полковник
және 1-дәрежелі капитан – полк, бригада (1-дәрежелі кеме)
командирінің билігін;
12) генерал-майор
және контр-адмирал – өңірлік қолбасшылық
әскерлері қолбасшысының билігін;
13)
генерал-лейтенант, вице-адмирал – Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштері әскер тегі қолбасшысының билігін;
14) генерал-полковник,
адмирал – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері
түрі бас қолбасшысының билігін пайдаланады.
Штаттарда екі
әскери атақ көзделген лауазымдарды атқаратын
командирлер (бастықтар) жоғары әскери атағына
сәйкес тәртіптік құқықтарды пайдаланады.
Қызмет
бойынша міндеттерді уақытша атқару кезінде командирлер
(бастықтар) бұйрықта жарияланған лауазымы бойынша
тәртіптік құқықтарды пайдаланады.
22.
Бөлімшелер, әскери бөлімдер командирлерінің
орынбасарлары, кеме командирлерінің аға көмекшілері,
оларға бағынысты адамдарға қатысты олардың
тікелей бастықтарына берілген құқықтан бір
сатыға төмен тәртіптік билікті пайдаланады.
Кеме
командирінің аға көмекшісі мен көмекшісі бар кемелерде
соңғысы аға көмекшіге берілген
құқықтардан бір саты төмен тәртіптік
билікті пайдаланады.
23. Бригада
командирінің орынбасарынан бастап және одан төмен офицерлер
бөлімшелермен немесе командалармен олардың бастықтары ретінде
іссапарда болған кезде, сондай-ақ өз бөлімінің
орналасқан орнынан тысқары жерде бөлім командирінің
бұйрығында айқындалған дербес міндеттерді
атқарған кезде атқарып отырған лауазымынан бір
сатыға жоғары тәртіптік билікті пайдаланады.
24. Әскерге
шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлерге
келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлер
үшін көзделген көтермелеу және жазалау түрлері
қолданылады.
25. Офицерлер –
курсанттардың (тыңдаушылардың) бөлімшелер командирлері
– әскери оқу орындарында өздеріне бағынысты
адамдарға қатысты атқарып отырған лауазымы бойынша
құқықтардан бір сатыға жоғары
тәртіптік билікті пайдаланады.
26. Қарулы
Күштер орталық аппараты департаменттерінің,
басқармаларының, бас басқармаларының бастықтары
өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге қатысты
өңірлік қолбасшылық әскерлері
қолбасшысының тәртіптік құқықтарын
пайдаланады.
27.
Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитеті
төрағасының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Шекара қызметі директорының, Ішкі істер министрлігі Ішкі
әскерлері қолбасшысының, Бас әскери прокурордың
орынбасарлары өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге
қатысты әскер тегі қолбасшысының тәртіптік
құқықтарын пайдаланады.
28.
Қорғаныс министрінің, Ұлттық қауіпсіздік
комитеті төрағасының, Төтенше жағдайлар
министрінің, Республикалық ұлан қолбасшысының,
Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметі
бастығының, Шекара қызметі директорының, Ішкі
әскерлер қолбасшысының, Бас әскери прокурордың
орынбасарлары өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге
қатысты Қарулы Күштер түрі бас қолбасшысының
құқықтарын пайдаланады.
29.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі,
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы,
Қазақстан Республикасы Президенті Күзет
қызметінің бастығы, Республикалық ұланның
қолбасшысы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі,
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі
және Қазақстан Республикасының Бас әскери
прокуроры өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге
қатысты осы Жарғыдағы тәртіптік
құқықтарды толық көлемде пайдаланады.
30. Азаматтық
персонал қатарынан Қарулы Күштердің лауазымды адамдары
бағынысындағы әскери қызметшілерге қатысты
атқарып отырған лауазымына сәйкес тәртіптік билікті
пайдаланады.
2-тарау.
Көтермелеулер
31.
Көтермелеулер әскери қызметтің міндеттерін адал
және ынтамен атқаратын және әскери борышын орындау
кезінде ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге
қатысты қолданылады.
Әрбір командир
(бастық) оған осы Жарғымен берілген
құқықтар шегінде бағынысындағыларды
жетістіктері, ынта-жігері, қызметтегі ерекшеліктері мен парасатты
бастамасы үшін көтермелеуге міндетті.
Командир
(бастық) өзіне берілген құқықтарды
жеткіліксіз деп санаған жағдайда ол ерекше көзге түскен
әскери қызметшілерді аға командирдің
(бастықтың) билігімен көтермелеу туралы өтініш жасауы
мүмкін.
32.
Ерекше көзге түскен офицерлер жауынгерлік ерліктері және
мемлекет алдында сіңірген еңбегі үшін Қазақстан
Республикасы Президентінің Жарлығы немесе Қазақстан
Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде атаулы
қарумен наградталуы мүмкін.
33. Әскери
борышын орындау кезінде көрсеткен ержүректілігі, ерлігі мен
батылдығы, бағынысындағы бөлімшелерді,
бөлімдерді, әскерлерді үлгілі басқарғаны
және мемлекет алдындағы басқа да үздік сіңірген
еңбегі, жауынгерлік даярлықтағы жоғары
көрсеткіштері, қару-жарақтың, әскери және
басқа техниканың жаңа үлгілерін үздік игергені
үшін жеке батальон
(2-дәрежелі кеме) командирінен бастап және одан жоғары
лауазымды адамдар оларға бағынысты әскери қызметшілерді
Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен
наградтауға ұсыну туралы өтініш жасауға
құқылы.
Мерзімді әскери
қызметтің әскери қызметшілеріне қолданылатын
көтермелеулер
34. Мерзімді
әскери қызметтің сарбаздарына (матростарына), сержанттарына
(старшиналарына), әскери оқу орындарының курсанттарына,
сондай-ақ әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт
жасасқан Кадет корпусының оқушыларына мынадай көтермелеулер
қолданылады:
1) бұрын
қолданылған жазаны алып тастау;
2) алғыс
жариялау;
3) әскери
бөлімнің орналасқан жерінен немесе кемеден жағаға
кезектен тыс сейілдемеге шығуға рұқсат ету;
4) туған
жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери
борышын үлгілі орындауы туралы және алған
көтермелеулері туралы хабарлау;
5) грамотамен,
бағалы сыйлықпен наградтау;
6) әскери
қызметшіні әскери бөлімнің жазылып қойылған
Жауынгерлік Туы (Әскери-теңіз жалауы) жанында түскен жеке
суретімен наградтау;
7)
қатардағы жауынгерлерге (матростарға) «ефрейтор» («аға
матрос») әскери атағын беру;
8)
сержанттарға (старшиналарға) кезекті әскери атағын
атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген
әскери атақтан бір сатыға жоғары беру;
9)
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа
да әскерлері мен әскери құралымдарының
үздігі кеуде белгісімен наградтау;
10)
әскери бөлімнің (кеменің) Құрмет кітабына
енгізу (3-қосымша);
11)
қысқа мерзімді демалыс беру – демалысты өткізу орнына
барып-қайту үшін уақытты есептемегенде 10 тәулікке дейін.
35. Әскери
оқу орындарының курсанттарына (оқушыларына) қысқа
мерзімді демалыс беру түріндегі көтермелеу қолданылмайды.
36. Әскери
оқу орындарында осы Жарғының 34-тармағында
аталған көтермелеулерден басқа, сонымен қатар
әскери оқу орнын алтын медальмен аяқтаған
курсанттардың (оқушылардың) тегін Құрмет
тақтасына жазу қолданылады.
Командирлердің
(бастықтардың) оларға бағынысты мерзімді әскери
қызметтің әскери қызметшілеріне көтермелеулер
қолдану жөніндегі құқықтары
37. Бөлімше
командирінің, взвод сержантының (команда старшинасының),
взвод командирі орынбасарының (команда старшинасының):
1) өздері
бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;
2) алғыс
жариялауға құқығы бар.
38. Рота аға
технигінің (технигінің), рота старшинасының
(боцманның), рота, батальон сержантының (боцманның) (дивизион
старшинасының):
1) өздері
бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;
2) алғыс
жариялауға;
3) әскери
бөлімнің орналасқан жерінен немесе кемеден жағаға
кезектен тыс сейілдемеге – бір сейілдемеге шығуға
рұқсат етуге құқығы бар.
39. Полк, бригада,
өңірлік қолбасшылық, әскер тегі, Қарулы
Күштер түрі сержантының, Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштері бас сержантының:
1) өздері
бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;
2) алғыс
жариялауға;
3) әскери
бөлімнің орналасқан жерінен немесе кемеден жағаға
кезектен тыс сейілдемеге – екі сейілдемеге дейін шығуға
рұқсат етуге құқығы бар.
40. Взвод
командирінің (топ командирінің), рота (4-дәрежелі кеме)
командирінің, батальон (3-дәрежелі кеме) командирінің:
1) өздері
бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;
2) алғыс жариялауға;
3) әскери
бөлімнің орналасқан жерінен немесе кемеден жағаға
кезектен тыс сейілдемеге:
взвод командирі
(топ командирі) – бір сейілдеме; рота (4-дәрежелі кеме) командирі – екі
сейілдемеге дейін;
батальон
(3-дәрежелі кеме) командирі – үш сейілдемеге дейін босатуға
рұқсат етуге құқығы
бар.
41. Жеке батальон
(2-дәрежелі кеме) командирінің, полк, бригада (1-дәрежелі кеме)
командирінің, өңірлік қолбасшылық
әскерлері, әскер тегі қолбасшысының, Қарулы
Күштер түрі бас қолбасшысының оларға
бағынысты мерзімді әскери қызметтің әскери
қызметшілеріне қатысты осы Жарғыдағы
көтермелеулерді толық көлемде қолдануға
құқығы бар.
Келісімшарт бойынша
әскери қызметшілерге қолданылатын көтермелеулер
42. Келісімшарт
бойынша әскери қызметшілерге мынадай көтермелеулер
қолданылады:
1)
өздері бұрын қолданған жазаларын алып тастау;
2)
алғыс жариялау;
3) грамотамен,
бағалы (соның ішінде атаулы) сыйлықпен немесе ақшалай
сыйлықақымен наградтау;
4) Қарулы
Күштердің үздігі кеуде белгісімен наградтау;
5) әскери
бөлімнің (кеменің) Құрмет кітабына енгізу;
6) кезекті
әскери атағын мерзімінен бұрын беру;
7) кезекті
әскери атағын атқарып отырған штаттық лауазымы
бойынша көзделген әскери атақтан бір сатыға
жоғары беру.
43. Әскери
оқу орындарында, осы Жарғының 42-тармағында
аталған көтермелеулерден басқа, әскери оқу орнын
алтын медальмен аяқтаған тыңдаушылардың тегін
Құрмет тақтасына жазу, сондай-ақ көтермелеу
ретінде әскери оқу орнын оқудағы ең үздік
көрсеткіштерімен аяқтаған бірінші, екінші және
үшінші тыңдаушыларды айқындау қолданылады.
Командирлердің
(бастықтардың) оларға бағынысты келісімшарт бойынша
әскери қызметшілерге көтермелеулер қолдану
жөніндегі құқықтары
44. Бөлімше
командирінен бастап Қазақстан Республикасы Қарулы
Күштерінің бас сержантына дейін сержанттар (старшиналар)
лауазымдарындағы командирлердің (бастықтардың)
бағынысындағы сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар)
лауазымдарындағы келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге:
1) өздері
бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;
2) алғыс
жариялауға құқығы бар.
45. Взвод
командирінің (топ командирінің), рота (4-дәрежелі кеме)
командирінің және батальон (3-дәрежелі кеме)
командирінің:
1) өздері
бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;
2) алғыс
жариялауға құқығы бар.
46. Жеке батальон
(2-дәрежелі кеме) командирінің, полк, бригада (1-дәрежелі кеме)
командирінің, өңірлік қолбасшылық
әскерлері, әскер тегі қолбасшысының,
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрі бас
қолбасшысының осы Жарғының 42-тармағында
көрсетілген, офицерлерге қатысты 6) және 7)
тармақшаларда көрсетілгендерден басқа, барлық көтермелеу
түрлерін қолдануға құқығы бар.
Көтермелеулерді
қолдану тәртібі
47.
Командирлер (бастықтар) көтермелеулерді жекелеген әскери
қызметшіге қатысты, сондай-ақ бөлімшенің,
әскери бөлімнің (кеменің) барлық жеке
құрамына қатысты қолдануы мүмкін.
Көтермелеу
түрін айқындаған кезде әскери қызметшінің
сіңірген еңбегінің немесе ерекшелігінің сипаты,
сондай-ақ оның әскери қызметке деген
бұрынғы көзқарасы назарға алынады.
Әскери
қызметшінің дәл сондай ерекшелігі үшін тек бір
көтермелеу жариялана алады.
48. Тәртіптік
жазасы бар әскери қызметші бұрын қолданылған
жазасын алып тастаумен көтермеленеді. Тәртіптік жазаны алып тастау
құқығы жазаны қолданған командирге
(бастыққа), сондай-ақ жоғары тұрған тікелей
бастыққа тиесілі болады.
Көтермелеу
түрінде бір уақытта тек бір тәртіптік жазаны алып тастау
мүмкін болады, бұл ретте көтермелеудің осы
түрімен көтермелеулердің басқа түрлері
қолданылмайды.
Командирдің
(бастықтың) тәртіптік жазаны өзінің
тәрбиелік рөлін атқарса, әскери қызметші
жаңа теріс қылық жасамаса және өз тәртібін
әскери борышын адал орындаумен түзесе, оны алты ай өткенге
дейін алып тастауға құқығы бар.
49.
Көтермелеу – алғыс жариялау – жекелеген әскери
қызметшіге қатысты, сондай-ақ бөлімшенің,
әскери бөлімнің барлық жеке құрамына
қатысты қолданылады.
50.
Көтермелеу – әскери бөлімнің орналасқан жерінен
немесе кемеден жағаға кезектен тыс сейілдемеге босату – мерзімді
әскери қызметтің әскери қызметшілеріне,
сондай-ақ әскери оқу орындарының курсанттарына
(оқушыларына) қатысты қолданылады және әскери
қызметшінің мүдделерін ескере отырып, әскери
бөлімнің командирі (бастық) белгілеген күндерде
жүргізіледі.
51.
Көтермелеу – грамотамен, бағалы сыйлықпен наградтау –
барлық әскери қызметшілерге қатысты қолданылады.
Келісімшарт бойынша әскери
қызметшілер, бұдан басқа, ақшалай
сыйлықақымен де наградталуы мүмкін. Грамотамен, бағалы
сыйлықпен немесе ақшалай сыйлықақымен наградтау
алғыс жариялаумен бір уақытта қолданылуы мүмкін,
бұл ретте грамотамен жекелеген әскери қызметшілер,
сондай-ақ әскери бөлімнің (бөлімшенің) барлық
жеке құрамы наградталады.
52.
Көтермелеу – әскери қызметшінің туған жеріне
немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын
оның үлгілі орындауы туралы және алған
көтермелеулері туралы хабарлау – мерзімді әскери
қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты қолданылады,
бұл ретте әскери қызметшінің туған жеріне немесе
бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын
оның үлгілі орындағаны туралы және алған
көтермелеулері туралы мақтау қағазы жіберіледі.
53.
Көтермелеу – «ефрейтор» («аға матрос») әскери атағын
беру, әскери атағын мерзімінен бұрын беру, атқарып
отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген әскери
атақтан бір сатыға жоғары кезекті әскери атақ
беру – мемлекетті қорғау, жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік
қызмет атқару немесе әскери қызметтің өзге
де міндеттерін орындау кезінде жоғары моральдық-психологиялық
және жауынгерлік қасиет танытқан, жауынгерлік даярлықта
және әскери тәртіпті нығайтуда үздік
көрсеткіштерге қол жеткізген әскери қызметшілерге
қатысты қолданылады.
54.
Көтермелеу – әскери қызметшіні әскери
бөлімнің жазылып қойылған Жауынгерлік Туы
(Әскери-теңіз жалауы) жанында түскен жеке суретімен наградтау
– мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне
қатысты қолданылады.
Осы
көтермелеу қолданылатын әрбір әскери қызметшіге
әрқайсысының сыртқы жағында – кімге және не
үшін тапсырылғаны туралы мәтін жазылған екі фотосурет
(әскери қызметшілер салтанатты нысанда қарумен суретке
түседі) тапсырылады. Фотосуреттің сыртқы
жағындағы мәтін командирдің (бастықтың)
қолымен және әскери бөлімнің елтаңбалы
мөрімен расталады.
55. Қарулы
Күштердің үздігі кеуде белгісімен жауынгерлік даярлықта
(оқуда), қызметтік-жауынгерлік әрекетке жоғары
көрсеткіштерге қол жеткізген және үлгілі әскери
тәртібі бар әскери қызметшілер наградталады.
56. 10
тәулікке дейін қысқа мерзімді демалыс беру – жауынгерлік
даярлықта үздік көрсеткіштері бар мерзімді әскери
қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты
қызметтегі ынта-жігері мен ерекшелігі үшін қолданылуы
мүмкін.
Бөлімшелер
(экипаждар, есептоптар) командирлері, взводтар командирлерінің
орынбасарлары, роталар (командалар) старшиналары лауазымдарын атқарып
отырған мерзімді әскери қызметтің әскери
қызметшілеріне қысқа мерзімді демалыс жауынгерлік
даярлықта, үлгілі әскери тәртіпте және
өздеріне бағынысты жеке құрамды тәрбиелеуде жоғары
көрсеткіштерге қол жеткізген кезде беріледі.
Көтермелеу
тәртібінде қысқа мерзімді демалыс жарияланғаннан
күннен бастап бір ай мерзімінен кешіктірілмей және көтермелеу
жарияланған әскери бөлімде берілуі тиіс.
57.
Көтермелеу – әскери бөлімнің (кеменің)
Құрмет кітабына енгізу
мыналарға қатысты:
1) жауынгерлік
даярлықта үздік көрсеткіштерге қол жеткізген,
қызмет өткеру кезінде мүлтіксіз тәртіптілік пен
жоғары саналылық танытқан соңғы оқу
кезеңіндегі мерзімді әскери қызметтің әскери
қызметшілеріне – оларды запасқа шығару алдында, ал
әскери (арнаулы) оқу орындары мен оқу
бөлімдерінің курсанттарына (оқушыларына,
тыңдаушыларына) – оқу аяқталғаннан кейін;
2) Қарулы
Күштердегі мүлтіксіз қызметі үшін, сондай-ақ
әскери борышын орындау кезінде ерекше көзге түскен
келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге – олардың
әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімі ішінде
қолданылады.
Көрсетілген
көтермелеуді жариялаған кезде әскери қызметшіге
әскери бөлімнің (мекеменің) Құрмет кітабына
әскери қызметшінің тегін енгізу туралы әскери
бөлім (кеме) командирінің қолы қойылған
мақтау грамотасы тапсырылады, одан басқа мерзімді әскери
қызметтің әскери қызметшілерінің туған
жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына хабарланады.
58.
Көтермелеу сап алдында немесе әскери қызметшілер жиналысында
жарияланады.
Көтермелеулер
туралы бұйрықтарды жариялау, сондай-ақ ерекше көзге
түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсыру салтанатты
жағдайда жүргізіледі.
Көтермелеулер
туралы бұйрықты жариялаумен бір уақытта әскери
қызметшілерге грамоталар, бағалы сыйлықтар немесе
ақшалай сыйлықақылар, әскери қызметшілердің
әскери бөлімнің жазылып қойылған Жауынгерлік Туы
(Әскери-теңіз жалауы) жанында түскен жеке фотосуреті,
Қарулы Күштердің үздігі кеуде белгісі тапсырылады,
сондай-ақ туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс
(оқу) орнына әскери борышын оның үлгілі
орындағаны туралы және алған көтермелеулері туралы
жіберілетін хабарламаның мәтіні оқылады.
3-тарау. Теріс
қылықтар мен жазалар
59. Жазалар
әскери қызметшілерге олардың теріс қылық
жасағаны үшін қолданылады. Теріс қылықтар мынадай
түрлерге бөлінеді:
1) жеңіл:
2) елеулі;
3) ауыр.
60. Әскери
қызметшінің елеулі теріс қылықтары, оны жасағаны
үшін босату көзделетін теріс қылықтан басқа,
әскери қызметшіге ескерту, сөгіс немесе қатаң
сөгіс түрінде жаза қолдануға әкеп
соқтыратын әскери қызметші алғаш рет немесе бұрын
салынған жазасын алғаннан кейін жасаған теріс
қылық болып табылады.
61. Елеулі теріс
қылық оны жасағаны үшін әскери қызметшіге
қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде
жаза қолдануға әкеп соқтыратын ескерту, сөгіс
немесе қатаң сөгіс түрінде бұрын салынған
алынбаған жазасы бар кезде алты ай ішінде әскери қызметші
қайтадан жасаған теріс қылық болып табылады.
62. Ауыр теріс
қылық оны жасағаны үшін Әскери қызмет
өткеру ережелеріне сәйкес заң негіздері бойынша босату
көзделген теріс қылық болып табылады.
63. Жеңіл
теріс қылық жасаған және жаза қолдану
мақсатсыз болған кезде командир (бастық) әскери
қызметшіге әскери тәртіпті қатаң
сақтаудың қажеттілігі туралы ескерту жасаумен шектелуі
мүмкін.
64. Алдын алу
мақсатында әскери қызметшілердің теріс
қылықтары командирдің (бастықтың) шешімі бойынша:
1)
сарбаздар мен матростар – жеке құрамның жиналыстарында;
2) сержанттар
(старшиналар) – сержанттардың (старшиналардың) жиналыстарында;
3) офицерлер –
офицерлер жиналыстарында қаралуы және талқылануы
мүмкін.
Полктер,
бригадалар, оларға тең және одан жоғары сержанттар
лауазымдарында әскери қызмет өткеретін келісімшарт бойынша
әскери қызметшілердің теріс қылықтары
жоғары тұрған әскери басқару органдарының
сержанттар жиналыстарында қаралуы және талқылануы
мүмкін.
Аға офицерлердің
теріс қылықтары тек аға офицерлер мен одан
жоғарылардың жиналыстарында, жоғары офицерлердің теріс
қылықтары – тек жоғары офицерлердің жиналыстарында
қаралуы және талқылануы мүмкін.
65. Кейінге
қалдыруды күтпейтін ерекше жағдайларда әскери
қызметші оның жауапкершілігі туралы мәселені шешкенге дейін
лауазымынан уақытша шеттетілуі мүмкін. Әскери
қызметшілерге лауазымынан уақытша шеттету ол жасаған теріс
қылық оның қызметтік міндеттерін атқаруға
немесе басқа әскери қызметшілердің әскери
қызмет міндеттерін атқаруына кедергі келтірген не әскери
қызметшінің лауазымдық міндеттерін атқаруы оның
теріс қылық жасауының мән-жайын жан-жақты,
толық, объективті және уақтылы анықтауға,
оның жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды
анықтауға кедергі келтіретін (келтіруі мүмкін)
жағдайларда қолданылуы мүмкін.
66. Әскери
қызметшіні лауазымынан оларды лауазымға тағайындау
құқығы берілген командирлер (бастықтар)
шеттетеді.
Бағынысындағыны
лауазымынан шеттеткен бастық (командир) лауазымынан шеттетуді
тудырған себептер мен мән-жайларды нақты жазып, бұл
туралы команда бойынша баяндауға, сондай-ақ әскери
прокуратура органдарына хабарлауға міндетті.
Бағынысындағыны
оған жеткілікті негіздерсіз лауазымынан шеттеткен командир (бастық)
ол үшін тәртіптік және өзге де жауаптылықта
болады.
Мерзімді әскери
қызметтің әскери қызметшілеріне және әскери
оқу орындарының
курсанттарына (оқушыларына) қолданылатын жазалар
67. Мерзімді
әскери қызметтің әскери қызметшілеріне және
әскери оқу орындарының курсанттарына (оқушыларына)
теріс қылықтар жасағаны үшін жазалардың мынадай
түрлері қолданылуы мүмкін:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3)
қатаң сөгіс.
Командирлердің
(бастықтардың) оларға бағынысты мерзімді әскери
қызметтің әскери қызметшілеріне жазалар қолдану
құқықтары
68.
Бөлім командирінен бастап, оған тең және одан
жоғары лауазымды адамдар оларға бағынысты мерзімді
қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты осы
Жарғыдағы жазаларды толық көлемде қолдану
құқығын пайдаланады.
Келісімшарт бойынша
әскери қызметшілерге қолданылатын жазалар
69. Келісімшарт
бойынша әскери қызметшілерге жазалардың мынадай түрлері
қолданылуы мүмкін:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3)
қатаң сөгіс;
4) қызметіне
толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
5) әскери
қызметтен теріс себептер бойынша босату.
Командирлердің
(бастықтардың) оларға бағынысты келісімшарт бойынша
әскери қызметшілерге тәртіптік жазалар қолдану
құқықтары
70. Бөлімше
командирінің, взвод командирі орынбасарының (команда
старшинасының), взвод
сержантының оларға бағынысты келісімшарт бойынша әскери
қызметшілер – сарбаздарға (матростарға), сержанттарға
(старшиналарға) мынадай жазалар қолдануға
құқығы бар:
1) ескерту;
2) сөгіс.
71. Рота
старшинасының (боцманның), рота аға технигінің
(технигінің), рота, батальон, полк, бригада, өңірлік
қолбасшылық, әскер тегі, Қарулы Күштер түрі
сержантының, Қарулы Күштер бас сержантының, взвод (топ)
командирінің, рота (4-дәрежелі кеме) командирінің, батальон
(3-дәрежелі кеме) командирінің оларға бағынысты
келісімшарт бойынша әскери қызметшілер – сарбаздарға
(матростарға), сержанттарға (старшиналарға) мынадай жазалар
қолдануға құқығы бар:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3)
қатаң сөгіс.
72. Рота
(4-дәрежелі кеме) командирінің оған бағынысты
офицерлерге мынадай жазалар қолдануға
құқығы бар:
1) ескерту;
2) сөгіс.
73. Батальон
(3-дәрежелі кеме) командирінің оған бағынысты
офицерлерге мынадай жазалар қолдануға
құқығы бар:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3)
қатаң сөгіс.
74. Жеке батальон,
оған тең және одан жоғары командирдің
олардың бағынысындағы келісімшарт әскери
қызметшілерге мынадай жазаларды қолдануға
құқығы бар:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3)
қатаң сөгіс;
4) қызметіне
толық сәйкес еместігі туралы ескерту.
75. Теріс
дәлелдер бойынша әскери қызметтен босату түріндегі жаза
Келісімшарт жасасу, әскери қызметшілер мен әскери
міндеттілерді әскери лауазымдарға тағайындау, ауыстыру,
босату, шығару, сондай-ақ оларға уәкілетті
органның бірінші басшысы айқындайтын әскери атақтар
беру туралы бұйрықтар шығаруға
құқығы бар лауазымды адамдардың тізбесіне
сәйкес лауазымды адамдар қолдануға
құқылы.
Жауапкершілікке тарту
тәртібі
76. Теріс
қылық жасаған әскери қызметшіге осы Жарғыда
айқындалған, әскери қызметшінің әскери
атағына және кінәліні тәртіптік жауапкершілікке тарту
туралы шешім қабылдайтын командирдің (бастықтың)
тәртіптік құқықтарына сәйкес келетін
жазалар ғана қолданылуы мүмкін.
77. Әскери
қызметшілердің топпен жасаған теріс қылық жасау
кезінде жазалар әрбір кінәліге оның жауапкершілік шараларына
байланысты жеке қолданылады.
78. Мас күйде
болатын әскери қызметшіге жаза қолдану, сондай-ақ одан
қандай да бір түсінік алу ол айыққанға дейін
кейінге қалдырылады.
79. Дәл сол
теріс қылығы үшін бірнеше жаза қолдануға немесе
бір жазаны басқасымен байланыстыруға, тікелей кінәлілерді
жазалаудың орнына бөлімшенің барлық жеке
құрамына жаза қолдануға тыйым салынады.
80. Жаза
қолдану теріс қылық жасаған әскери
қызметшіні оны орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны
үшін жаза қолданылған міндеттерді атқарудан босатпайды.
81.
Егер командир (бастық) бағынысындағы жасаған теріс
қылықтың ауырлығын ескере отырып, оған берілген
тәртіптік құқықтарды жеткіліксіз деп санаса, ол
аға командирдің (бастықтың) билігімен кінәліге
жаза қолдану туралы өтініш жасайды.
82.
Аға командирдің (бастықтың) кіші командир (бастық)
қолданған тәртіптік жазаны қатаңдық себебі
бойынша алып тастауға немесе төмендетуге, егер соңғысы
оған берілген билікті асыра пайдаланбаса, құқығы
жоқ.
83. Егер аға
командир (бастық) осы жазаның жасалған теріс
қылықтың ауырлығына сәйкес келмейтінін тапса,
онда кіші командирдің (бастықтың) қолданған
тәртіптік жазасын алып тастауға және неғұрлым
қатаң жаза қолдануға құқығы
бар.
Жаза заңсыз
қолданылған жағдайда ол аға командирдің
(бастықтың) билігімен алынып тасталуы мүмкін. Өзіне
берілген тәртіптік құқықтарды асыра
пайдаланған, сондай-ақ заңсыз жаза қолданған
командир (бастық) ол үшін тәртіптік немесе өзге де
жауаптылықта болады.
84. Әскери
қызметшіге жаза қолдану оны заңмен көзделген
жауапкершіліктің басқа да түрлерінен босатпайды.
85. Әскери
қызметшілерге қолданылатын жазалар олар жасаған теріс
қылықтың ауырлығына және олардың
кінәсінің дәрежесіне сәйкес келуі тиіс.
Егер кінәлі
бірқатар теріс қылық жасаған немесе әскери
тәртіп пен қоғамдық тәртіпті топпен
бұзуға қатысқан болса, егер теріс қылық
жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызметті өткеру уақытында
және қызметтік міндеттерді атқару кезінде немесе алкогольдік
немесе өзге де мастық күйде жасалған болса,
жазаның қатаңдығы арттырылады.
86. Тәуліктік
наряд құрамына кіретін (жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік
қызмет өткеретін) әскери қызметшіге қызмет
өткеру уақытында оның жасаған теріс
қылықтары үшін жаза қолдану нарядтан (жауынгерлік
кезекшіліктен, жауынгерлік қызметтен) ауысқаннан немесе оны
басқа әскери қызметшімен ауыстырғаннан кейін
жүргізіледі.
87. Әскери
қызметшіге жаза қолдану кезінде оның жеке ар-намысын
кемсітуге, оған дене және моральдық қасірет келтіруге
және оған қатысты дөрекілік көрсетуге жол
берілмейді.
Қызметтік тексеру
жүргізу тәртібі
88. Қызметтік
тексеру теріс қылық жасаудың мән-жайын жан-жақты,
толық және объективті зерттеу, оны жасауға ықпал еткен
себептер мен жағдайларды анықтау, кінәлілерді белгілеу
және жазадан құтылмаушылық принципін қамтамасыз
ету не әскери қызметшіні жауапкершілікке негізсіз тартуды болдырмау
мақсатында жүргізіледі.
89. Қызметтік
тексеру жүргізу үшін:
1) баянаттар,
арыздар, шағымдар мен хаттар;
2)
құқық бұзушылық пен оқиғалар
фактілері;
3) ревизиялар
қорытындылары;
4) әскери
бөлімнің оқу, жауынгерлік және
қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын тексеру нәтижелері;
5)
алдын ала анықтау, тергеу және сот органдарының
хабарламалары;
6)
лауазымды адамдардың, ұйымдар мен бұқаралық
ақпарат құралдарының хабарламалары;
7)
әскери қызметшіні сыбайлас жемқорлыққа
қарсы заңнамада, сондай-ақ әкімшілік
құқық бұзушылықтар туралы заңнамада
көзделген құқық бұзушылықтарды
жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы
мәселені шешу үшін уәкілетті органдардан келіп түскен
материалдар негіз болуы мүмкін.
90. Қызметтік
тексеру әскери бөлім командирінің бұйрығымен тағайындалады
және уәкілетті лауазымды адам он бес күнтізбелік күннен
аспайтын мерзімде жүргізеді. Ерекше жағдайларда қызметтік
тексеру мерзімін қызметтік тексеру жүргізуді тағайындаған
адам он күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартуы
мүмкін.
91. Қызметтік
тексеру мыналарға қатысты жүргізіледі:
1) ауыр теріс
қылық жасаған қатардағы жауынгерлер мен
сержанттар (старшиналар) құрамының келісімшарт бойынша
әскери қызметшілеріне;
2) елеулі
және ауыр теріс қылық жасаған кіші офицерлерге;
3) теріс
қылықтар жасаған аға офицерлерге және одан
жоғарыларға.
Басқа
жағдайларда әскери қызметші теріс қылық
жасаған кезде одан жазбаша түсінік талап етіледі. Егер жазбаша
түсінікте әскери қызметші өзінің теріс
қылықты жасау фактісімен келіскен болса, командирдің
(бастықтың) қызметтік тексеру жүргізбей, тиісті жаза
қолдануға құқығы бар.
Жоғарыда
көрсетілген жағдайларда немесе, егер әскери қызметші
өзінің жазбаша түсінігінде өзінің теріс
қылық жасау фактісімен келіспесе, командир теріс қылық
анықталған күннен бастап екі тәуліктен кешіктірмейтін
мерзімде осы Жарғыда айқындалған тәртіппен
қызметтік тексеруді тағайындауы тиіс.
92. Қызметтік
тексеру жүргізу үшін бөлім командирінің
бұйрығымен теріс қылық жасаған әскери
қызметшінің әскери атағы мен лауазымына әскери
атағы мен атқаратын лауазымы бойынша тең немесе одан
жоғары лауазымды адамдар (бұдан әрі – лауазымды адам)
тағайындалады.
Қажет
болған жағдайларда қызметтік тексеру жүргізу
уақытына командир лауазымды адамды өзінің функционалдық
міндеттерін атқарудан босатуы мүмкін, ол туралы
бұйрықта көрсетеді.
93. Әскери
қызметші тек оған қатысты оның кінәсі белгіленген
теріс қылық үшін ғана тәртіптік жауапкершілікке
тартылады.
94. Теріс
қылық жасағаны үшін кінәлі болып
қасақана немесе абайсызда құқыққа
қарсы әрекет жасаған (әрекетсіздік танытқан)
әскери қызметші танылады.
95. Егер
әскери қызметші өзінің
құқыққа қарсы әрекетінің
(әрекетсіздігінің) сипатын ұғынып, оның зиянды
салдарларының болуын алдын ала білсе және осы салдарлардың
болуын тілесе немесе саналы түрде жол берсе не оларға
немқұрайлы қараса, теріс қылық
қасақана жасалған болып танылады.
96. Егер теріс
қылық жасаған әскери қызметші өз
әрекетінің (әрекетсіздігінің) зиянды
салдарларының болу мүмкіндігін алдын ала білсе, бірақ
оған жеткілікті негіздерсіз оларды болдырмауға жеңілтектікпен
қараса немесе тиісті ұқыптылық пен сақтық
кезінде оларды болжап білуге тиіс және болжап біле алатын бола
тұра, осындай салдарлардың болу мүмкіндігін алдын ала білмесе,
ол абайсызда жасалған болып танылады.
97. Қызметтік
тексеру мынадай жағдайларда әскери бөлім командирінің
бұйрығымен тоқтатыла тұруы мүмкін:
1) әскери
қызметші бөлімнің орналасқан жерін немесе қызмет
орнын өз бетімен тастап кеткенде;
2) әскери
қызметші демалыста, қызметтік іссапарда болғанда;
3) әскери
қызметші заңда белгіленген тәртіппен расталған ауыр
сырқаттанғанда;
4) ұзақ
уақытты талап ететін медициналық сараптама өткізгенде;
5) қызметтік
тексеруге кедергі жасайтын басқа да жағдайларда.
98. Қызметтік
тексеру, егер оны тоқтата тұру үшін негіздер
болмағанда, әскери бөлім командирінің
бұйрығымен қалпына келтіріледі.
99. Қызметтік
тексеру барысында:
1) теріс
қылықтың мазмұны мен сипаты, оның жасалған
уақыты, орны, тәсілі және басқа да мән-жайлар;
2) теріс
қылықтың зиянды салдарларының болуы мен сипаты;
3) келтірілген зиянның
мөлшері;
4) теріс
қылық жасаған адам;
5) әскери
қызметшінің жауаптылығын болдырмайтын, жеңілдететін
немесе ауырлататын мән-жайлар;
6) теріс
қылықты жасауға ықпал еткен себептер мен
жағдайлар;
7) теріс
қылық жасаған әскери қызметшінің жеке басын
сипаттайтын деректер;
8) әскери
қызметшінің теріс қылық жасаудағы кінәсі,
теріс қылық жасау ниетінің немесе абайсыздықтың
болуы және дәлелдері;
9) әскери
қызметшіні жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдау үшін мәні бар басқа да
мән-жайлар белгіленеді.
100.
Тәртіптік жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар:
1) теріс
қылық жасаған әскери қызметшінің
өкінуі;
2) әскери
қызметшінің өзінің теріс қылық
жасағаны туралы командирге (бастыққа) өз еркімен
хабарлауы;
3) теріс
қылық жасаған әскери қызметшінің теріс
қылықтың зиянды салдарларын болдырмауы, келтірілген зиянды
өз еркімен өтеуі немесе келтірілген зиянды жоюы;
4) ауыр жеке немесе
отбасы жағдайының тоғысуы кезінде теріс қылық
жасау;
5)
мәжбүрлеу нәтижесінде теріс қылық жасау;
6)
қажетті қорғаныстың заңдылық шарттарын
бұзған, аса қажеттілік, құқыққа
қарсы озбырлық жасаған адамды ұстау,
бұйрықты немесе команданы орындау кезінде теріс қылық
жасау болып табылады.
Әскери
қызметшіге жаза қолданатын командир (бастық) өзге де
мән-жайларды жеңіл деп тануы мүмкін.
101.
Тәртіптік жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар:
1)
командирдің оны тоқтат деген талабына қарамастан,
құқыққа қарсы әрекетті
(әрекетсіздікті) жалғастыру;
2) егер бірінші
теріс қылық үшін әскери қызметшіге жаза
қолданылған болса және ол белгіленген тәртіппен
алынбаса, осындай теріс қылықты қайтадан жасау;
3) топпен теріс
қылық жасау;
4)
бағынысындағыны теріс қылық жасауға тарту;
5)
ұлттық, нәсілдік және діни өшпенділік немесе
дұшпандық себеп бойынша
теріс қылық жасау;
6) басқа
адамдардың заңды әрекеттері үшін кек алу,
сондай-ақ басқа теріс қылықты жасыру немесе оны жасауды
жеңілдету мақсатында теріс қылық жасау;
7) олардың
өзіне жүктеген міндеттерді орындауға байланысты лауазымды
адамдарға немесе оның жақындарына ықпал ету жолымен
теріс қылық жасау;
8) жауынгерлік
кезекшілікте, жауынгерлік қызметте, тәуліктік нарядта, жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде,
сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы
төтенше жағдайлар кезінде теріс қылық жасау;
9) алкогольдік,
есірткілік немесе уыттық мас күйде теріс қылық жасау
болып табылады.
Осы Жарғыда
аталмаған басқа да мән-жайлар тәртіптік жауапкершілікті
жеңілдететін болып танылмайды.
102.
Қызметтік тексеру барысында оны жүргізу тапсырылған лауазымды
адамның:
1) тәртіптік
жауапкершілікке тартылатын әскери қызметшіден, сондай-ақ
басқа да адамдардан жазбаша түсінік алуға;
2) әскери
қызметшінің теріс қылық жасау кінәсін растайтын
материалдар жинауға;
3) тиісті
құжаттармен танысуға, қажет жағдайда
олардың көшірмелерін қызметтік тексеру материалдарына
қосуға;
4) арнайы білімді
талап ететін мәселелер бойынша мамандардан қорытынды, түсінік
және кеңес алуға;
5) теріс
қылық жасалған орынға баруға
құқығы бар.
103. Әскери
бөлімнің әскери қызметшілері қызметтік тексеру
жүргізу үшін тағайындалған лауазымды адамға
жәрдемдесуге міндетті және ұсынылған
мәліметтердің нақтылығына дербес жауапты болады.
104.
Әскери қызметшінің теріс қылық жасағаны
туралы, оның жасалу фактісін растайтын немесе жоққа
шығаратын мәліметтер кез келген нысанда болуы мүмкін
(азаматтар мен әскери қызметшілердің өтініштері;
командирлердің (бастықтардың) және басқа да
әскери қызметшілердің баянаттары; прокурорлық ден
қою актілері; сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
жөніндегі комиссиялар жолдаған теріс қылық туралы
материалдар; қызметтік және өзге де материалдар).
105. Егер
қызметтік тексеру барысында әскери қызметші теріс
қылығының қылмыс құрамы белгілерінен
тұратыны анықталса, командир (бастық) тікелей бастығына
дереу баяндайды және құқық қорғау
органдарына ақпарат береді.
106.
Қызметтік тексеру аяқталғаннан кейін лауазымды адам тексеруді
тағайындаған командирге (бастыққа)
анықталған кемшіліктер, заңдылықты,
бұйрықтарды, нұсқаулықтарды
бұзушылықтар, теріс қылықты жасауға ықпал
еткен себептер мен жағдайлар туралы оларды жою бойынша
тұжырымдармен және ұсыныстармен баяндайды. Командир
(бастық) қызметтік тексеру материалдарын оған қатысты
жүргізілген әскери қызметшіге қолын
қойғызып жеткізуге міндетті.
107. Әскери
қызмет өткеру ережелеріне сәйкес заң негіздері бойынша
теріс дәлелдері бойынша әскери қызметтен босатылуға
жататын әскери қызметшілерге, сондай-ақ қызметтік
тексеру нәтижелерімен және ұсыныстарымен келіспейтін
адамдарға қатысты қызметтік тексеру материалдарын командир
(бастық) тәртіптік комиссияның қарауына жіберуге
міндетті.
108. Өзіне
қатысты қызметтік тексеру жүргізіп жатқан әскери
қызметшінің жазбаша түсінік беруден бас тартуы
қызметтік тексеру жүргізуді тоқтата тұрмайды.
Мұндай жағдайда әскери қызметші тәртіптік
комиссияда тыңдалады.
Тәртіптік комиссия
құру және жұмысының тәртібі
109.
Тәртіптік комиссиялар жеке батальондарда, оларға
теңестірілгендер мен одан жоғарыларда, сондай-ақ
бағынысында әскери бөлімдері (мекемелері) бар
департаменттерде (бас басқармалар мен басқармаларда)
құрылады
(4-қосымша).
Саны отыздан аз
әскери қызметшісі бар әскери бөлімдерде тәртіптік
комиссиялар құрылмайды. Тәртіптік комиссиялар
құрылмаған әскери бөлімдер әскери
қызметшілерінің теріс қылықтары жоғары
тұрған әскери басқару органының тәртіптік
комиссияларында қаралады.
110.
Тәртіптік комиссиялардың мүшелері әскери бөлім
жеке құрамының жиналыстарында неғұрлым
тәжірибелі және беделге ие офицерлер қатарынан ашық
дауыс берумен сайланады. Тәртіптік комиссия мүшелерінің саны
тақ және кемінде үш адам болуы тиіс.
111.
Тәртіптік комиссияның құрамы әскери бөлім
командирінің бұйрығымен бекітіледі. Комиссия
төрағасы болып бөлім командирі орынбасарларының біреуі
тағайындалады, бөлім кадр органының өкілі хатшы болып
тағайындалады. Тәртіптік комиссияның хатшысы оның
мүшесі болып табылмайды.
112.
Әскери бөлім командирлері мен олардың орынбасарларының
теріс қылықтары жоғары тұрған әскери
басқару органының тәртіптік комиссияларында қаралады.
Жоғары офицерлердің теріс қылықтары тек жоғары
офицерлер қатарынан тұратын тәртіптік комиссияда, аға
офицерлердің теріс қылықтары – аға офицерлер
қатарынан тұратын тәртіптік комиссияда қаралады.
113.
Тәртіптік комиссия мүшесінің өз бастығының,
жақын туысының немесе жекжатының теріс қылығына
қатысты, сондай-ақ егер тәртіптік комиссия
мүшесінің тиісті шешім қабылдауға тікелей немесе жанама
мүдделілігі бар болса, қызметтік тексеру материалдарын
қарауға және фактілерді зерттеуге
құқығы жоқ.
114.
Тәртіптік комиссия өз мәжілісінде қызметтік тексеру
материалдарын қарайды және теріс қылыққа
қатысты фактілерді зерттейді. Тәртіптік комиссия оған
қатысты қызметтік тексеру жүргізілген әскери
қызметшінің және қызметтік тексеру жүргізген
лауазымды адамдардың түсініктерін тыңдауы мүмкін.
Қажет
болған кезде тәртіптік комиссияның сонымен қатар
куәларды тыңдауға, материалдар сұратуға
және теріс қылыққа (оқиғаға)
қатысты кез келген фактілерді зерттеуге құқығы
бар.
115.
Тәртіптік комиссияның ұсыныстары ашық дауыс беру
жолымен қабылданады. Тәртіптік комиссияның мүшелері
өз пікірін айқын айтуға және дауыс беру кезінде
қалыс қалмауға міндетті. Дауыстар тең болған
кезде төрағаның даусы шешуші болып табылады.
116.
Тәртіптік комиссия мүшелеріне, оларға қызметтік тексеру
материалдарын қарау барысында белгілі болған мәліметтерді
жариялауға тыйым салынады.
117.
Тәртіптік комиссия қызметтік тексеру материалдары түскен
сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде командирге
(бастыққа) әскери қызметшінің тәртіптік
жауаптылығы туралы тиісті ұсыныс енгізеді.
Жаза қолдану туралы шешім
қабылдау тәртібі
118. Командир
(бастық) қызметтік тексеру материалдары және тәртіптік
комиссияның ұсыныстары негізінде жаза қолдану туралы тиісті
шешім қабылдайды.
119.
Қызметтік тексерудің нәтижелері бойынша командир
бұйрық шығара отырып, құқық
бұзушылықтардың алдын алу бойынша іс-шараларды
әзірлеуге және іске асыруға міндетті. Теріс
қылықтарды жасырудың, сондай-ақ олардың жасалу
мән-жайы туралы объективті емес ақпараттың жолын шешімді
түрде кесу керек, ал оған кінәлі лауазымды адамдар заңнамамен
белгіленген жауаптылыққа тартылуы тиіс.
120. Теріс
қылық жасаған әскери қызметшіге тәртіптік
жаза қолдану (кейінге қалдыруды күтпейтін жағдайларды
қоспағанда) әскери тәртіпті бұзудың
мән-жайын жақсы анықтау үшін теріс қылық
анықталған сәттен бастап, кемінде екі-үш тәулік
өткеннен кейін жүргізіледі.
121.
Жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір
айдан және ол жасалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей
қолданылады.
122.
Қызметтегі, жауынгерлік даярлық пен тәрбие процесін
ұйымдастырудағы олқылықтары үшін әскери
оқу орнын аяқтағаннан кейін әскери қызмет
өткеру үшін келген офицерлерге тәртіптік жауапкершілік
шараларын лауазымға кіріскеннен кейін кемінде алты ай өткеннен
кейін қолдануға жол беріледі.
Ерекше жағдайларда
жазалар қолдану
123. Гарнизон
бастығының гарнизонның әскери қызметшілеріне
немесе гарнизонда уақытша тоқтағандарға мынадай
жағдайларда тәртіптік жазалар қолдануға
құқығы бар:
1) теріс
қылық гарнизондық қызмет өткеру ережесін
бұзуға қатысты болғанда;
2) теріс
қылық әскери бөлімнің орналасқан жерінен
тысқары жасалғанда;
3) теріс
қылық демалыста, іссапарда немесе емделуде болған кезде
жасалғанда.
124. Осы
Жарғының 123-тармағында көрсетілген жағдайларда
теріс қылықтарға жол берген әскери қызметшілерге
қатысты гарнизон бастығының гарнизон бойынша
бұйрық шығарумен ескерту, сөгіс және
қатаң сөгіс жариялауға құқығы
бар.
125. Көлік
түрлеріндегі әскери қатынастар бастықтары мен жол
қатынастарындағы әскери коменданттар қатынас жолдарында
жол жүру уақытында теріс қылық жасаған
әскери қызметшілерге қатысты ескерту, сөгіс және қатаң
сөгіс жариялауға құқығы бар.
126. Осы
Жарғының 124 және 125-тармақтарына сәйкес жаза
қолданған лауазымды адамдар ол туралы теріс қылықтар
жасаған әскери қызметшілер қызмет өткеретін
әскери бөлімдердің командирлеріне хабарлайды және
демалыс билетінде, іссапар куәлігінде немесе нұсқамада тиісті
белгі жасайды.
Әскери
қызметші тұрақты қызмет орнына келгеннен кейін
оған қолданылған жаза туралы өзінің тікелей
бастығына баяндауға міндетті.
Оған
қолданылған жаза туралы баяндамаған әскери
қызметші ол үшін тәртіптік жауаптылықта болады.
127. Бір-біріне
бағынысты емес әскери қызметшілер жеке міндеттерді бірлесіп
атқарған кезде, олардың қызметтік өзара
қарым-қатынастары
командирмен (бастықпен) айқындалмаған жағдайда
олардың ішінде лауазымы бойынша үлкені, ал тең лауазымдар
кезінде әскери атағы бойынша үлкені бастық болып
табылады және оған атқарып отырған лауазымы бойынша
берілген тәртіптік құқықтарды пайдаланады.
128.
Үлкеннің көзінше кішісі әскери тәртіпті немесе
әскери сәлемдесу ережелерін бұзғаны үшін
үлкені кішісіне ескерту жасауға міндетті және, егер ол
ықпал етпесе, жалпыәскери жарғылармен белгіленген басқа
да шараларды қолдануы мүмкін.
Жазаларды
жариялау тәртібі
129.
Әскери қызметшіге жазалар ауызша немесе жазбаша командирдің
(бастықтың) бұйрығымен жарияланады, бұл ретте
ауызша жарияланған жаза оны қызметтік карточкаға енгізгеннен
кейін күшіне енеді.
Жаза
туралы әскери қызметшіге үш күн мерзімде оған
қатысты бөлігінде қолын қойғызып жеткізіледі.
130.
Қолданылған жазалар туралы:
1)
сарбаздарға (матростарға) – сап алдында;
2)
сержанттарға (старшиналарға) – кеңесте немесе
сержанттардың (старшиналардың) сабы алдында;
3) офицерлерге –
офицерлер кеңесінде (аға офицерлерге – тек аға және
одан жоғары офицерлердің қатысуымен, жоғары офицерлерге
– тек жоғары офицерлердің қатысуымен) немесе жазбаша
хабарлаумен жарияланады.
Бағынысының
көзінше командирлерге (бастықтарға) және олардың
орынбасарларына тәртіптік жаза жариялауға тыйым салынады.
Жазаны
жариялаған кезде әскери қызметшіге жазаға әкеп
соқтырған себеп және құқық
бұзушылықтың мәні көрсетіледі.
Жазаны алу
131. Әскери
қызметшінің тиісті командир (бастық) көтермелеу
тәртібімен жазаны алып тастағаннан кейін немесе оған
соңғы жаза қолданылған сәттен бастап алты ай
өткеннен кейін жазасы жоқ болып саналады.
132. Жазбаша
бұйрықпен жарияланған жазаны алуды осы жазаны
қолданған командир (бастық) немесе жоғары
тұрған командир (бастық) жазбаша бұйрық
шығару жолымен жүргізеді.
Ауызша немесе
жазбаша жарияланған жазаларды алу әскери қызметшінің
қызметтік карточкасында тиісті жазбамен ресімделеді, ол оған
қолын қойғызып жеткізіледі.
133. Бұрын
үлкен бастық салған жазаны бағыныстыдан
көтермелеу тәртібімен алу үшін әскери
қызметшінің тікелей бастығы команда бойынша өтініш
жасайды.
Осы жазаны
салған командир (бастық) аталған өтінішті оны
алған күннен бастап он күнтізбелік күннен
кешіктірмейтін мерзімде қарауға міндетті.
134. Әскери
қызметші әскери қызметтен босатылған күні
алынбаған жаза оған соңғы жаза қолданылған
сәттен бастап алты ай өткеннен кейін алынған болып саналады.
135. Әскери
қызметшіні запасқа (отставкаға) босатқан кезде
оның қызметтік карточкасы жеке ісімен бірге әскери есепке
қою орны бойынша жергілікті әскери басқару органына
жіберіледі.
4-тарау. Көтермелеулерді
және жазаларды есепке алу
136. Тікелей
бастықтар көтермеулер және жазалар туралы команда бойынша
баяндауға тиіс:
1) мерзімді
әскери қызметтің әскери қызметшілеріне – роталар
командирлеріне және оларға теңестірілгендерге күн
сайын;
2) офицерлер мен
келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге (жоғары офицерлерден
басқа) – әскери бөлімдер командирлеріне апта сайын;
3) әскери
бөлімдердің командирлеріне – жоғары тұрған
әскери басқару органына ай сайын.
137. Жаза берілген
полктердің, бригадалардың (1-дәрежелі кемелердің)
командирлеріне, өңірлік қолбасшылық әскерлері,
әскер тектері қолбасшыларының, Қарулы Күштер
түрлері бас қолбасшыларының орынбасарларына, сондай-ақ
жоғары офицерлерге қатысты жаза берген командир (бастық)
үш жұмыс күні ішінде команда бойынша жоғары
тұрған әскери басқару органына жазбаша баяндайды.
138.
Көтермелеулер мен жазаларды, сондай-ақ теріс қылықтарды
есепке алу барлық бөлімшелер мен әскери бөлімдерде
жүргізіледі. Есепке алудың жалпы жай-күйіне әскери
бөлімнің штаб бастығы жауап береді.
Көтермелеулер,
теріс қылықтар мен жазалар туралы жеткізілімдер жоғары
тұрған әскери басқару органына ай, тоқсан,
жартыжылдық және жыл үшін жазбаша ұсынылады.
Осы Жарғымен
көзделген барлық көтермелеулер мен жазалар, оның ішінде
командир (бастық) бөлімшенің (команданың), әскери
бөлімнің барлық жеке құрамына жариялаған
көтермелеулері үш жұмыс күнінен кешіктірмей
қызметтік карточкаға енгізіледі.
Әскери
қызметшіден жазаны алған кезде қызметтік карточкада «Жазалар»
бөлімінің тиісті бағанында жазаны қашан және
кімнің алғаны туралы белгі жасалады және
бұйрықтың нөмірі көрсетіледі.
139. Егер
әскери қызметшіге қолданылған жаза көтермелеу
тәртібінде алынбаса, алты ай өткеннен кейін «Жазалар»
бөлімінің тиісті бағанында мерзімінің өтуі
бойынша жазаның алынғаны туралы белгі жасалады.
140. Қызметтік карточкалар:
1) ротада – офицерлерден басқа рота әскери
қызметшілеріне;
2) батальон
штабында – офицерлерден басқа батальон басқармасының
әскери қызметшілеріне;
3) әскери
бөлімнің штабында – бөлімнің офицерлеріне және әскери
бөлім басқармасының сарбаздар (матростар) мен сержанттар
(старшиналар) құрамының келісімшарт бойынша әскери
қызметшілеріне;
4) 1 және
2-дәрежелі кемелерде:
матростар мен
старшиналарға – жауынгерлік бөлімдерде, қызметтер мен жеке
командаларда;
офицерлерге – кеме
командирінің көмекшісімен;
5) 3-дәрежелі
кемеде – кеме командирінің көмекшісімен кеменің барлық
жеке құрамына;
6) 4-дәрежелі
кемеде – кеме дивизиондарының басқармасында барлық жеке
құрамға жүргізіледі.
Әскери
бөлімдер командирлерінің, сондай-ақ жоғары
офицерлердің қызметтік карточкалары жоғары тұрған
әскери басқару органында жүргізіледі.
141. Мерзімді
әскери қызмет әскери қызметшілерінің
қызметтік карточкаларындағы әрбір жазбаны рота (тиісті
бөлімше) командирі растауға тиіс.
Келісімшарт бойынша
әскери қызметшілерге қызметтік карточкалардағы
әрбір жазбаны әскери бөлімнің штаб бастығы (кеме
командирінің көмекшісі,
4-дәрежелі кеме командирі), ал әскери бөлімдер
командирлері мен жоғары офицерлерде – жоғары тұрған
әскери басқару органының штаб бастығы растайды.
142. Жеке
батальондар, полктер, бригадалар, кемелер командирлері және оларға
теңестірілгендер тәртіптік практиканы (көтермелеулер мен
қолданылған жазаларды) қолданудың
дұрыстығын тексеру мақсатында қызметтік карточкаларды
кезең-кезеңімен қарайды. Әрбір әскери
қызметші кемінде алты айда бір рет, сондай-ақ жаңа
қызмет орнына ауысқан кезде өзінің қызметтік
карточкасымен жеке қолын қойғызып таныстырылуы тиіс.
143. Кемінде
тоқсанына бір рет штаб бастығы комиссиялық тәртіппен
әскери бөлім әскери қызметшілерінің
қызметтік карточкаларын акт жасай отырып тексереді. Әскери
қызметшіге алғашқы офицерлік атақ, сондай-ақ
аға офицердің немесе жоғары офицердің алғашқы
атағын берген кезде оған жаңа қызметтік карточка
басталады. Жаңа қызметтік карточкаға әскери қызметшіге бұрын
қолданылған жазалар енгізілмейді, ал, жазаны алып тастау туралы
көтермелеулерден басқа, көтермелеулер ғана енгізіледі.
Бұрынғы
қызметтік карточка жойылады.
5-тарау. Әскери
қызметшілердің оларды тәртіптік жауапкершілікке
тарту кезіндегі
құқықтарының кепілдіктері
144. Әскери
қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тартуға:
1) теріс
қылық фактісі болмаған жағдайда;
2) егер оның
іс-қимылы (әрекетсіздігі) құқыққа
қарсы болып табылмағанда;
3) дәл сондай
теріс қылық үшін екінші рет;
4) осы
Жарғымен және Қазақстан Республикасының
заңнамасымен белгіленген тәртіптік жауапкершілікке тартудың
ескіру мерзімі өткеннен кейін;
5) әскери
қызметтен босатуға байланысты оны бөлім тізімінен
шығарған жағдайда жол берілмейді.
145. Әскери
қызметші тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы
бұйрықпен келіспеген жағдайда ол жазбаша түрде
жоғары тұрған әскери басқару органына немесе
сотқа ол бұйрыққа шағымдануға
құқылы.
146. Әскери
қызметшінің жоғары тұрған әскери
басқару органына тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы
бұйрыққа шағымдануы бұйрықпен
танысқан күннен бастап бір ай ішінде жүзеге асырылуы
мүмкін.
147. Жоғары
тұрған әскери басқару органы шағымды
қараудың нәтижелері бойынша бір ай мерзімінде мынадай
шешімдердің біреуін шығаруға міндетті:
1) әскери
қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы
бұйрықты өзгеріссіз қалдыру туралы;
2) осы
Жарғының талаптарын бұза отырып, шығарылған
әскери қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы
бұйрықты жою және заңсыз жазаны қолданған
командирді (бастықты) жауапкершілікке тарту туралы;
3) егер жаза осы
Жарғының талаптарын сақтай отырып шығарылса,
бірақ жасалған теріс қылықтың ауырлығына
сәйкес келмесе, неғұрлым қатаң жаза қолдану
туралы жаңа бұйрық шығару туралы.
148. Жаза
қолдану туралы шешімге шағымдану оны орындауға келтіруді
тоқтатпайды.
Әскери
қызметшілердің өтініштерін қарау
және шешу тәртібі
149. Әскери
қызметшілердің өтініштері жеке бастың
құқықтарын, бостандықтары мен заңды
мүдделерін қорғауды жүзеге асырудың маңызды
құралы болып табылады.
Өтініштер
түрлері:
1) ұсыныс –
адамның заңдар мен өзге де нормативтік
құқықтық актілерді, мемлекеттік органдардың
қызметін жетілдіру, қоғамдық қатынастарды дамыту,
мемлекет пен қоғам қызметінің
әлеуметтік-экономикалық және өзге де салаларын
жақсарту бойынша ұсынымдары;
2) арыз (баянат) –
адамның оның құқықтары мен
бостандықтарын немесе басқа да адамдардың
құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға
жәрдемдесу туралы қолдаухаты (өтініші), не заңдар мен
өзге де нормативтік құқықтық актілерді
бұзу, өтініштерді қарайтын субъектілердің, лауазымды
адамдардың жұмысындағы кемшіліктер туралы хабарламалар, не
олардың қызметін сынау;
3) шағым –
адамның бұзылған құқықтарын,
бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қалпына келтіру
немесе қорғау туралы, лауазымды адамдардың заңсыз
әрекеттерін немесе әрекетсіздіктерін жою, сондай-ақ
субъектілердің заңсыз шешімдерін жою туралы талаптары;
4) пікір айту –
адамның мемлекет жүргізетін ішкі және сыртқы
саясатқа, сондай-ақ
қоғамдық сипаттағы оқиғалар мен
құбылыстарға өзінің көзқарасын
білдіруі;
5) сұрау салу
– адамның жеке немесе қоғамдық сипаттағы
қызықтыратын мәселелер бойынша ақпарат беру туралы
тілегі.
Жасырын
өтініш – ол бойынша авторлығын белгілеу мүмкіндігі болмайтын,
қолы, соның ішінде электрондық цифрлы қолы
қойылмаған, өтініш иесінің пошталық мекенжайы
көрсетілмеген өтініш. Жасырын өтініш, сондай-ақ
мәселенің мәні жазылмаған өтініш қарауға
жатпайды. Әзірленіп жатқан немесе жасалған қылмыстар
туралы не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздік
туралы мәліметтерден тұратын жасырын өтініштер дереу
мемлекеттік органдарға олардың құзыретіне сәйкес
қайта жолдануға тиіс.
150. Әрбір
әскери қызметші өзінің
құқықтары мен заңды мүдделерін
қорғау, сондай-ақ басқа да азаматтар мен
ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің
құқықтары мен заңды мүдделерін
қорғау мақсатында командирлер (бастықтар) мен
басқа да лауазымды адамдарға, мемлекеттік және әскери
басқару органдарына, құқық қорғау
органдарына, сотқа жеке өзі өтініш жасауға немесе
басқа адамға уәкілеттік беруге құқылы.
151.
Өтініштер жазбаша, ауызша немесе электрондық құжат
түрінде болуы мүмкін. Жазбаша өтінішке өтініш иесі
қолын қояды. Электрондық құжат түріндегі
өтініш цифрлы қолмен расталуға тиіс.
Әскери
қызметшінің өтінішінде оның тегі, аты, пошталық
мекенжайы мен күні көрсетіледі.
Шағым берген
кезде әрекетіне шағым берілген лауазымды адамдардың лауазымы,
тегі мен аты-жөні, өтініш жасау себептері және талаптар
көрсетіледі.
Командирге
(бастыққа) немесе әскери басқару органдарына тікелей
жазбаша өтініш жасаған арыз иесіне күні мен уақыты,
өтінішті қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні
көрсетіле отырып, талон беріледі.
152. Өтініш
берген әскери қызметшінің:
1)
өзінің өтінішін дәлелдеу үшін қосымша
құжаттар мен материалдар ұсынуға, не оларды талап ету
туралы сұрауға;
2) өтінішті
қарайтын адамға дәлелдерін жеткізуге;
3)
өзінің өтінішін қарауға байланысты материалдармен
танысуға, егер бұл басқа адамдардың
құқықтарын, бостандықтарын бұзбаса,
өтініштерді қарауға қатысуға;
4)
қабылданған шешім туралы жазбаша немесе өтініш иесі ауызша
өтініш жасаған кезде ауызша түрде негізделген жауап
алуға;
5) егер олар
өтініштерді қараудың белгіленген тәртібін бұзу
нәтижесінде болса, зиянның өтелуін талап етуге;
6) лауазымды
адамдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) не өтініш
бойынша қабылданған шешімге шағымдануға;
7) өтінішті
қарауды тоқтату туралы өтініш жасауға
құқығы бар.
153. Әскери
қызметшілерге жауынгерлік қызметте, жауынгерлік кезекшілікте, сапта
тұрған (әскери қызметшілерден сұрау салу кезінде
айтылатын шағымдарды қоспағанда), қарауылда, вахтада,
сондай-ақ басқа да тәуліктік нарядта тұрған кезде
және сабақта шағым түріндегі өтініш беруге тыйым
салынады.
154. Әскери
қызметшілердің шағым түрінде өтініш жасауына
кедергі жасауға және оларды ол үшін жазаға
тартуға, қудалауға не қызметі бойынша олардың
құқықтарына қысым жасауға тыйым салынады.
Оған
кінәлі командир (бастық), сондай-ақ көрінеу
жалған арыз (шағым) берген әскери қызметші
заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.
155. Әскери
қызметшілерге сұрау салу кезінде шағым түріндегі
өтініш сұрау салуды жүргізетін адамға тікелей ауызша
айтылуы немесе жазбаша берілуі мүмкін.
Қандай да бір
себеп бойынша сұрау салу кезінде болмаған әскери
қызметшілер сұрау салуды жүргізген командирдің
(бастықтың) атына тікелей жазбаша түрде өтініш жасай
алады.
156. Барлық
әскери басқару органдарының және командирлердің
(бастықтардың):
1)
өтініштерді қарау үшін қажетті ақпаратты
белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
2) көрінеу
жалған мәліметтерден тұратын өтініштерді тексеруге
байланысты келтірілген шығындарды өндіріп алу туралы сотқа
шағымдануға құқығы бар.
157.
Әскери басқару органдары
және командирлер (бастықтар):
1) әскери
қызметшілердің, жеке және заңды
тұлғалардың өтініштерін
заңнамамен белгіленген
тәртіппен
және мерзімде қабылдауға және
қарауға;
2) заңды
және негізделген шешімдер
қабылдауға;
3) қабылданған
шешімдердің орындалуына
бақылауды қамтамасыз етуге;
4) әскери
қызметшілерге және басқа да адамдарға
қабылданған шешімдер
туралы хабарлауға;
5)
әскери
қызметшілерді, олардың
отбасы мүшелерін өтініш беруіне байланысты қудалаудың
жолын кесуге;
6)
шағымдарды әрекет шағымдалатын әскери басқару
органдарына, командирлерге (бастықтарға) және басқа да
лауазымды адамдарға жібермеуге;
7)
мәселенің объективті түрде шешілуіне мүдделі еместігіне
негіздер бар деп саналған адамдарға тексеруді жүктеу
жағдайларын болдырмауға;
8) өтініш
берген немесе ол оның мүддесiне орай берiлген адамға зиян
келтiру әрекетіне жол бермеуге;
9) әскери
қызметшілердің келісімінсіз олардың жеке өмірі туралы
мәліметтерді немесе мемлекеттік құпияларды
құрайтын мәліметтерді не заңмен қорғалатын
өзге де құпияны жарияламауға, өтінішке
қатысы жоқ әскери қызметшілер туралы деректерді
анықтауға жол бермеуге;
10)
өтініштерді, оларда бар сыни ескертулерді талдауға және
қорытындылауға, жұмысты жетілдіру және шағымдарды
тудыратын себептерді жою мақсатында қоғамдық пікірді
зерделеуге;
11)
өтініштерді қарау жөніндегі жұмыстың
жай-күйін жүйелі тексеруге;
12) жоғары
тұрған әскери басқару органына келіп түскен,
қаралған өтініштердің
саны және оларды қараудың нәтижелері туралы
ақпарат беруге міндетті.
158. Командир
(бастық) келіп түскен өтініштердің уақтылы
қаралуына және олар бойынша шаралардың қабылдануына
дербес жауапты болады.
Өтініш он бес
күнтізбелік күн ішінде, ал оны қарау үшін қосымша
ақпарат алу, не орындарға шығып тексеру талап етілетін
жағдайда – лауазымды адамға келіп түскен күннен бастап
отыз күнтізбелік күн ішінде қаралады.
Егер
өтініште жазылған мәселелерді шешу ұзақ мерзімді
талап ететін ерекше жағдайларда өтініш орындалғанға
дейін қосымша бақылауға қойылады, ол туралы
өтініш иесіне үш күнтізбелік күн ішінде хабарланады,
бұл ретте өтініштерді қарау мерзімін әскери бөлім
командирі (бастық) ұзартады.
159.
Қойылған міндеттерді шешу құзыретіне кірмейтін әскери
басқару органдарына, командирге (бастыққа) немесе басқа
да лауазымды адамға келіп түскен өтініштер үш
жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бұл туралы
өтініш иесіне хабарлай отырып, тиісті органдарға жіберіледі.
160.
Өтініштерге жауаптар заңнамаға сілтемемен мемлекеттік тілде
немесе өтініш жазылған тілде мазмұны бойынша негізделген
және дәлелденген болуға, өтініш иесінің
қабылданған шешімге шағымдануға құқығын
түсіндіре отырып, олардың дәлелдерін жоққа
шығаратын немесе растайтын нақты фактілерден тұруға
тиіс.
161.
Командирлердің (бастықтардың) және басқа да
лауазымды адамдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне),
сондай-ақ әскери басқару органдарының шешімдеріне
шағым жоғары тұрған лауазымды адамға немесе
әскери басқару органына бағыныстылық тәртібімен шағым
берген адамға әрекет жасалғаны не тиісті әскери
басқару органының немесе лауазымды адамның шешім
қабылдағаны туралы белгілі болған сәттен бастап,
үш айдан кешіктірілмей беріледі.
Өтініш иесі
қабылданған шешіммен келіспеген кезде арыз сотқа берілуі мүмкін.
162. Әскери
қызметшінің өтініші оларда қойылған
мәселелердің барлығы қаралғанда, олар бойынша
қажетті шаралар қабылданғанда және өтініш берген
әскери қызметшіге түбегейлі жауап берілгенде ол шешілді деп
саналады.
Әскери
қызметшілердің өтініштерін қанағаттандырудан бас
тарту өтініш берген адамның
назарына заңнамаға немесе жалпыәскери жарғыларға
сілтеме жасай отырып, бас тарту дәлелдерін көрсетумен және
қабылданған шешімге шағымдану тәртібін
түсіндірумен жеткізіледі.
163. Әскери
бөлімдердің командирлері кемінде тоқсанына бір рет келіп
түскен өтініштерді қарау және олар бойынша шешім
қабылдау жөніндегі жұмыстың жай-күйіне ішкі
тексеру жүргізуге міндетті, ол
үшін жаңа оқу кезеңіне арналған
бұйрықта комиссия тағайындалады. Тексеру қорытындылары
бойынша акт жасалады.
164. Әскери
қызметшілер мен басқа да азаматтардың өтініштері
бойынша іс жүргізу, сондай-ақ заңды
тұлғалардың өтініштері бойынша іс жүргізу
заңнамамен белгіленген тәртіппен іс жүргізудің
басқа түрлерінен бөлек жүргізіледі.
165. Әскери
қызметшілер мен өзге де азаматтардың өтініштерімен
жұмысты ұйымдастыруға, іс жүргізудің
жай-күйіне әскери бөлім командирі, штаб бастығы
және тәрбие және әлеуметтік-құқықтық
жұмыстар жөніндегі орынбасар жауапты болады. Әскери
қызметшілер мен өзге де азаматтардың өтініштерін
қарау жөніндегі жұмыстың жай-күйіне жауапты
лауазымды адамдардың міндеттері әскери бөлім
командирінің бұйрығымен айқындалады.
166. Бөлімше
командирлеріне келіп түсетін өтініштер белгіленген тәртіппен
есепке алу және қарау үшін әскери бөлімнің
штабына беруге жатады. Әскери қызметшілердің барлық
өтініштері олар келіп түскен күні әрбір әскери
бөлімнің штабында жүргізілетін және сақталатын
өтініштерді тіркеу кітабына (5-қосымша) енгізіледі.
Өтініштерді қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.
167. Әскери
бөлім командирі мен оның орынбасарлары әскери
қызметшілерді, олардың отбасы мүшелері мен өзге де
азаматтарды,
сондай-ақ ұйымдардың өкілдерін кемінде айына бір
рет бөлім командирі бекіткен қабылдау кестесіне сәйкес жеке
қабылдау жүргізуге міндетті.
Қабылдау
белгіленген және әскери қызметшілердің, олардың
отбасы мүшелері мен өзге де азаматтардың назарына жеткізілген
күндерде және сағатта қызмет орны бойынша
жүргізілуі тиіс.
Егер лауазымды адам
қабылдау уақытында өтінішті шеше алмаса, ол жазбаша
түрде жазылады және онымен жазбаша өтініш сияқты
жұмыс жүргізіледі.
168. Лауазымды
адамдарға әскери қызметшінің және тәртіптік
жауапкершілікке тартылған өзге де азаматтың атынан келіп
түскен өтініштерді әрекеті шағымдалып отырған
командирдің (бастықтың) қарауына беруге тыйым
салынады.
____________________